скрипт для АДГС

Стиль для галереи

You are here

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу қағидалары

Азаматтардың "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кіруінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 151 Жарлығы.

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу ҚАҒИДАЛАРЫ

1. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 22-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алу үшін белгіленген басқа да талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеудің тәртібін айқындайды.

2. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеуді (бұдан әрі – "А" корпусының кадр резерві) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.

3. Қызметтегі судьялар, Парламент депутаттары, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттары, сондай-ақ өз өкілеттіктерін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған мемлекеттік саяси қызметшілер, халықаралық қызметшілер, судьялар "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға сәйкес кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілмей Ұлттық комиссияның шешімімен орналаса алады.

Қазақстан Республикасының Президенті осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларды ол кадр резервіне іріктеу өткізбей және Ұлттық комиссияның шешімінсіз тағайындауды жүзеге асыратын "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауға құқылы.

4. "А" корпусының кадр резервіне іріктеу бірқатар дәйекті кезеңдерді қамтиды:

1) "А" корпусының кадр резервіне іріктеу өткізу туралы хабарландыруды жариялау;

2) кандидаттардың құжаттарын қабылдау және олардың "А" корпусының лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау;

3) кандидаттарды заңнаманы білу және жеке қасиеттерін бағалау тестінен өткізу;

4) кандидаттармен әңгімелесу.

4-1. Ұлттық комиссияның шешімімен "А" корпусының кадр резервіне осы мемлекеттік органда, ведомствода немесе өңірде кемінде соңғы екі жылда келесі төмен тұрған мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіні алуға болады. Бұл шешім "А" корпусының бос лауазымы болған жағдайда қабылдануы мүмкін".

Осы Қағидаларда төмен тұрған мемлекеттік лауазым деп мыналар түсініледі:

"А" корпусының бірінші санатының лауазымдары үшін – осы мемлекеттік органның орталық аппаратының В-1 санатындағы лауазымдар, осы мемлекеттік органның орталық аппараты департаментінің директоры, сондай-ақ бірінші санат лауазымдарының орынбасары лауазымдары;

"А" корпусының екінші санатының лауазымдары үшін – нақты ведомство төрағасының орынбасары;

"А" корпусының үшінші санатының лауазымдары үшін – осы өңірдің үшінші санат лауазымдарының орынбасарлары лауазымдары, осы өңірдің D-O-1 санатының лауазымы;

"А" корпусының төртінші санатының лауазымдары үшін – осы өңірдің төртінші санат лауазымдарының орынбасарлары лауазымдары және D-O-1 санатының лауазымы.

Аталған адамдар кадр резервіне "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сай болған жағдайда алынады.

Резервке алу туралы шешімді "А" корпусының лауазымына тағайындау мен лауазымнан босату құқығына ие адамның ұсынуы негізінде Ұлттық комиссия қабылдайды.

Жауапты хатшы мен Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – Аппарат басшысы лауазымдарына ұсынуды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі енгізеді.

Ұлттық комиссияның қарауына осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

4-2. Осы Қағидалардың 4-1-тармағының негізінде кадр резервіне алынған адамдар тек қана олар кадр резервіне алынған лауазымдарға тағайындалады.

5. Азаматтар "А" корпусының кадр резервіне іріктеуге қатысу шығындарын өздерiнiң жеке қаражаты есебiнен жүргiзедi.

6. Ұлттық комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, "А" корпусының кадр резервіне іріктеу мемлекеттік органдардың "А" корпусының лауазымдарын атқару қажеттігі, "А" корпусының кадр резервіне алынған азаматтардың саны ескеріле отырып, екі жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.

7. Мемлекеттік органдар Ұлттық комиссияның жұмыс органына "А" корпусының резервшілеріне қажеттігі туралы хаттар (өтінімдер) жолдайды.

8. "А" корпусының кадр резервіне алынатын адамдар санын Ұлттық комиссия "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде орналасқан адамдардың, бос лауазымдардың санын, мемлекеттік органдардың қажеттіктерін ескере отырып белгілейді.

9. "А" корпусының кадр резервіне іріктеу өткізу туралы хабарландыруды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) интернет-ресурста және өзі айқындайтын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.

10. Хабарландыру мәтінінің үлгісі уәкілетті орган бекітеді және кандидаттарға қойылатын талаптарды, құжаттарды қабылдау мерзімін, құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар мен уәкілетті органның байланыс деректерін (пошта мекенжайы, телефон және факс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы) қамтиды.

11. "А" корпусының кадр резервіне іріктеуге қатысуға ниет білдірген азаматтар уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттарды ұсынады:

1) жеке куәлігінің көшірмесі;

2) уәкілетті орган белгілеген нысандағы өтініш;

3) бiлiмi туралы құжаттардың нотариат не жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған көшiрмелерi;

4) нотариат немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;

5) уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша "А" корпусының кадр резервіне кандидаттың қызметтік тізімі;

6) "А" корпусының кадр резервіне кандидатты ұсынған лауазымды адамның немесе ол жұмыс істейтін ұйымның бланкісінде ресімделген, қолы қойылған күні, кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, оның кәсіптік және жеке басының қасиеттері, танысу, қызметтес болу ұзақтығы мен жағдайлары жазылған мінездемесі көрсетілген ұсынымхат (кемінде біреу). Ұсынымхаттың қолданылу мерзімі оған қол қойылған күннен бастап үш айдан аспайды;

7) өмірбаян;

8) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органнан сотталғандығының жоқ (бар) екендігі туралы анықтама.

9) Ұлттық комиссияның шешімімен айқындалатын құжаттар.

12. Ұсынымхатты беру құқығына:

1) мемлекеттік саяси қызметшілер;

2) Қазақстан Республикасы Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшылары;

3) лауазымға осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес Ұлттық комиссияның шешімі бойынша не Ұлттық комиссия жасақтаған "А" корпусының кадр резервінен тағайындалған және лауазымға тағайындау және босату құқығына ие "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері;

4) Қазақстан Республикасының Президентімен немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келісу бойынша тағайындалатын ұлттық компанияның, ұлттық холдингтің, ұлттық даму институтының басқарма төрағалары ие болады.

Лауазымға тағайындау және босату құқығына ие мемлекеттік орган басшылары мен саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, осы тармақта көрсетілген адамдар "А" корпусының кадр резервіне бір іріктеудің шеңберінде бес үміткерден артық ұсына алмайды.

13. Азаматтарға ұсынымхат бергеннен кейін оларға қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, бұрын ұсынымхат берген адамның ұсынымхаты Ұлттық комиссия шешімі негізінде қарауға қабылданбайды.

14. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаса немесе құжаттар қойылған талаптарға сәйкес келмесе, кандидатты "А" корпусының кадр резервіне іріктеуге қатыстырудан бас тартылады.

15. Кандидаттардың көрінеу жалған ақпаратты және құжаттарды ұсыну фактілерінің анықталуы оларды "А" корпусының кадр резервіне іріктеудің кез келген кезеңінде шығаруға негіз болып табылады.

16. Құжаттар "А" корпусының кадр резервіне іріктеу өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қолма-қол, поштамен немесе электрондық пошта арқылы қабылданады.

17. Құжаттар қабылданғанда кандидатқа олардың тіркелгені туралы қолхат, оның ішінде электрондық түрде беріледі. Құжаттар поштамен ұсынылғанда, оларды тіркеу туралы қолхат жіберушінің пошталық мекенжайына жолданады.

18. Құжаттар электрондық пошта арқылы жіберілген жағдайларда, кандидаттар құжаттардың түпнұсқаларын тест басталғанға дейінгі үш сағаттан кешіктірмей ұсынады. Құжаттардың түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда кандидат тестке жіберілмейді.

19. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген өтінішті және өзге де құжаттарды ұсынған кандидаттар тізімі уәкілетті органның интернет-ресурсында құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жарияланады.

20. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде кандидаттардың құжаттарын "А" корпусының лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарына, Заңның талаптарына сәйкестігін қарайды.

21. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері құжаттарды қарау қорытындылары бойынша бес жұмыс күні ішінде кандидаттарды тестке қатысуға жіберу не жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

22. Бас тартылған жағдайда кандидаттарға бес жұмыс күні ішінде дәлелді жауап беріледі. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттар кандидаттарға қайтарылады.

23. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің тестке жіберуден бас тарту туралы шешіміне кандидат уәкілетті органға кандидат тиісінше хабардар етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шағымдана алады.

24. Осы Қағидаларда тиісінше хабардар ету деп адамның өзіне немесе онымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолхатпен беру арқылы хатпен, тапсырыс хатпен не жеделхатпен табыс етілетін хабарландыру түсініледі.

25. Уәкілетті орган түскен шағымды түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарап, кандидатты тестке қатысуға жіберу не жіберуден бас тарту туралы тиісті шешім қабылдайды.

26. Кандидаттарды тестке жіберу туралы шешім уәкілетті органның басшысы бекітетін және оның интернет-ресурсында жарияланатын тізім түрінде ресімделеді.

27. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасатын кандидаттарға тест ұйымдастыру қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

28. Кандидаттар тесттен уәкілетті орган жасайтын кесте негізінде өтеді. Тест кестесі уәкілетті органның интернет-ресурсында тест өткізу басталатын күнге дейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады.

29. Уәкілетті орган, тест аяқталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тесттен оң нәтижелер алған кандидаттардың тізімін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жолдайды.

30. Осы тізімге кандидаттардың құжаттары, олардың тест нәтижелері қоса беріледі.

31. Тесттің оң нәтижелері деп уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес нәтиже түсiнiледi.

32. Ұлттық комиссия әңгімелесу жүргізу кезінде мәліметтер тізімін және оларды ұсынуға жауапты мемлекеттік органдарды айқындайды.

33. Ұлттық комиссияның жұмыс органы осы Қағидалардың 11-тармағында аталған кандидаттардың құжаттарын және тест нәтижелерін алдын ала қарауды қамтамасыз етеді.

34. Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның жұмыс органы әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі мен әңгімелесу өткізу кестесін жасайды.

35. Әңгімелесуге жіберуден бас тартылған жағдайларда Ұлттық комиссияның жұмыс органы осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген құжаттарды кандидаттарға қайтаратын уәкілетті органға жолдайды.

36. Заңның 16-тармағында көрсетілген талаптарға кандидаттардың сәйкес келмеуі оларды әңгімелесуге жіберуден бас тартуға негіз болып табылады.

37. Әңгімелесу өткізу кестесі уәкілетті органның интернет-ресурсында ол өткізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей жарияланады.

38. Әңгімелесуді өткізу тәртібін Ұлттық комиссия айқындайды.

39. Ұлттық комиссия айқындайтын жағдайларда облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың кадр комиссиялары әңгімелесу өткізеді және Ұлттық комиссияға ұсыныс енгізеді.

40. Қажет болған жағдайда Ұлттық комиссияның жұмыс органы мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын әңгімелесуге құжаттарды және өзге материалдарды дайындау үшін тарта алады.

41. Ұлттық комиссия кандидаттардың құжаттарын, олардың тест нәтижелерін қарайды және әңгімелесу өткізеді.

42. Әңгімелесу өткізуді ұйымдастыруды Ұлттық комиссияның жұмыс органы қамтамасыз етеді. Әңгімелесу өткізу кезінде кандидаттардың Ұлттық комиссия айқындаған тақырыпқа эссе жазуына болады.

43. Әңгімелесу қорытындысы бойынша кандидатты "А" корпусының кадр резервіне алу не алудан бас тарту туралы шешім көрсетілетін әңгімелесу парағы толтырылады. Әңгімелесу парағының нысанын уәкілетті орган бекітеді.

44. Ұлттық комиссия қорытынды отырыста үміткерлерді "А" корпусының кадр резервіне қабылдау туралы шешім шығарады.

45. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Ұлттық комиссияның шешімін мемлекеттік әкімшілік қызметтің "А" корпусының кадр резервін қалыптастыру үшін уәкілетті органға жолдайды.

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы