скрипт для АДГС

Стиль для галереи

  • Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Халықаралық ынтымақтастық

Халықаралық ынтымақтастық

 

«Қазақстан-2050» стратегиясын, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуы Концепциясын, Бес институционалдық реформаны, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының стратегиясын және басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды тиімді іске асыру үздік халықаралық тәжірибені зерттеуді және бейімдеуді, сонымен қатар шетелдік әріптестермен тұрақты ықпалдастықты қажет етеді.

Осы тұрғыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес салаларында халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда.

 

2018 жылдың 9 айына қатысты

Агенттіктің халықаралық ынтымақтастық бойынша ақпарат

 

Агенттік 2018 жылы 9 ай ішінде халықаралық ынтымақтастық саласында 30 екі жақты кездесулер өткізді, соның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академиясының ректоры Мартин Кройтнермен кездесу барысында аталған ведомствомен меморандумға қол қойылды, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Германия, Австрия, Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және т.б.

ЭЫДҰ-ның Парижде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет саласында, Сингапурдың мемлекеттік қызмет колледжінде, Францияның Ұлттық менеджмент мектебінде және т.б. Агенттік қызметкерлерінің 25 шетелдік жұмыс және оқу сапарлары өтті.

Бұдан басқа, осы жылдың мамыр айында Агенттік және Мемлекеттік басқару академиясымен «Global Challenges Summit» XI Астаналық экономикалық форумының аясында «Цифрлық дәуірдегі мемлекеттік басқару практикасы мен проблемалары» және «Цифрлық мемлекеттік басқару үшін дағдылар мен көшбасшылық» тақырыбында панельдік сессиялар өткізілді.

 

 

Халықаралық келісімдер базасы

 

Қазіргі уақытта Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы негізгі халықаралық құжаттарды - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясын және Трансұлттық қылмысқа қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенциясын ратификациялады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыты бойынша 25 көпжақты және екіжақты келісім іске асырылуда.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында Қырғызстан, Түркия, Мажарстан, Финляндия, Қытай, Армения, Таиланд, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Эстония, Израиль, Оңтүстік Кореямен, Тәжікстан және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академиямен ынтымақтастық туралы 16 меморандум іске асырылуда.

 

Халықаралық және өзге де ұйымдармен ынтымақтастық

 

Агенттік Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Азия Даму Банкі сияқты беделді халықаралық ұйымдармен тығыз әріптестік орнатқан.

Қазақстан Республикасы Агенттік арқылы Жемқорлыққа қарсы ведомстволар қауымдастығы (IACCA), Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес желісі (ACN OECD), Азия даму банкі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академия және ТМД елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Мемлекетаралық Кеңесінің мүшелігіне енген.

Агенттіктің өкілдері осы ұйымдардың жыл сайынғы отырыстарына және басқа іс-шараларына белсенді түрде қатысады.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Агенттік Қазақстан Республикасын Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылу мәселесін пысықтауда.

 

 

 

БҰҰ-мен ынтымақтастық

 

Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы әмбебап құралы саналатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ Конвенциясын іске асыру бойынша іс-шараларға қатысуда.

Конвенция негізгі бес бағытты қамтиды: сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлықты қылмыстандыру және заңдылықты қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастық, активтерді қайтару, техникалық көмек пен ақпарат алмасу.

2009 жылдың қараша айында Доха қаласында қатысушы мемлекеттердің заңнамасын Конвенцияның ережелерiне сәйкестігіне шолу жүргізуді көздейтін Конвенцияның іске асырылу барысына шолу жүргізу тетігі қабылданды.

Осы механизмге сәйкес барлық қатысушы мемлекеттер Конвенция бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн орындау тұрғысынан тексерілуі керек. Өзін-өзі бағалау және алқалық бағалау негізінде механизм ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңдары мен тәжірибелерінде кемшіліктерді анықтауға көмектеседі. Механизм барлық қатысушы мемлекеттерге қолданылады. Әрбір мемлекетке қатысты шолу Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ-ның кеңсесі Хатшылығының қолдауымен басқа екі қатысушы-мемлекет арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, 2013 жылы Қазақстан Лихтенштейнмен бірге Италия заңнамасына, ал 2014 жылы Угандамен бірлесіп Үндістанның заңнамасына шолу жүргізді.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

халықаралық академиямен ынтымақтастық

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен және Еуропалық Одақтың Алаяқтыққа қарсы бюросымен бірлесе отырып Австрия Үкіметімен құрылды.

Халықаралық ұйым ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академияны құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының қосылуы туралы шешім 2013 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданды.

Академия сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында алдыңғы қатарлы білім мен тәжірибе, қызметкерлерді оқыту, ғылыми зерттеулер орталығы болып табылады және мынадай негізгі мақсаттары бар: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте кәсібилік, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың стандарттары мен тиімді тетіктерін әзірлеу.

Ағымдағы жылдың мамыр айында Агенттік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академиясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Осы меморандумның шеңберінде ағымдағы жылдың 26-27 қарашасында Агенттік Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша семинар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен ынтымақтастық

 

Қазіргі кезде Агенттік Қазақстан Республикасындағы БҰҰДБ-мен бірлесіп «Мемлекеттік аппараттың кәсіби қызметінің механизмдерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты – мемлекеттік органдардың кәсіби қызметін дамытуға, сапалы қызмет көрсетуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейтуге және қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» қалыптастыруға жәрдемдесу арқылы мемлекеттік органдардың тиімді, ашық және есеп берушілік жұмысын қамтамасыз ету болып табылады.

Сонымен қатар, Агенттік Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы хабпен ынтымақтастық құрған. Бірлескен жоспар аясында, түрлі іс-шаралар, соның ішінде конференциялар, семинарлар, тренингтер және зерттеулер өткізілуде.

 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық

 

Агенттік ЭЫДҰ-мен бірқатар бағыттарда, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Стамбул іс-қимыл жоспары аясында қызмет етеді.

Жалпы, Стамбул жоспары бойынша Қазақстан мониторингінің үш кезеңі өтті.

Стамбул жоспарының соңғы аралық есебінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруы бойынша оң динамика атап өтілді.

Сонымен қатар, Қазақстан 2004 жылдан бері ЭЫДҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің мүшесі ретінде оның қызметіне белсенді түрде қатысуда.

Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі желісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларға жәрдемдесу, ақпарат алмасу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы озық әдістерді әзірлеу, сондай-ақ донорлық ұйымдардың қызметін үйлестіру бойынша аймақтық форум ретінде 1998 жылы құрылды.

2015 жылы ЭЫДҰ сарапшыларымен Қазақстанда Integrity Scan парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу жұмысы басталды.

Integrity Scan - тиісті басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы көптеген ЭЫДҰ стандарттары, сондай-ақ басқа да ұйымдар белгiлеген бірқатар стандарттар тұрғысынан елге шолу жасауды көздейтін ЭЫДҰ-ның жаңа бастамасы.

Бұл зерттеулерді жүргізуге жауапты мемлекеттік органдар: Ұлттық экономика министрлігі және Агенттік болып табылады.

 

Жемқорлыққа қарсы ведомстволардың халықаралық қауымдастығымен ынтымақтастық (IACCA)

 

Халықаралық қауымдастық 2006 жылы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жүзеге асыру тиімділігін көтеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың өзара консультацияларды қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында ұсынымдар мен ұсыныстар енгізуге жәрдемдесу мақсатында құрылды. Агенттік 2006 жылдың желтоқсан айынан бері Қауымдастықтың толық мүшесі болып табылады.

 

 

Орналастырылған: 11.01.2017
Жаңартылған: 04.12.2018

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы