скрипт для АДГС

Стиль для галереи

You are here

Қоғамдық кеңес туралы ереже

                                                                  Қазақстан Республикасының

                                                             Мемлекеттік қызмет істері

                                                           Министрінің

                                                                  2016 жылдың «     » ақпанындағы 

                                                                  № ____ бұйрығымен бекітілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес туралы

Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес туралы осы Ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді.

2. Қоғамдық кеңес – коммерциялық емес ұйымдармен және азаматтармен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігімен (бұдан әрі – Министрлік) құрылатын  консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады.

3. Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес (бұдан әрі – Қоғамдық кеңес) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, оған сәйкес заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы Үлгілік ережені, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

4. Қоғамдық кеңестегі азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс.

5. Қоғамдық кеңестің ұсыныстары Министрлікпен міндетті түрде қаралуы тиіс, олар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған шешімдер қабылданады және дәлелді жауаптар беріледі.

6. Әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы істердің жағдайы бойынша жауапкершілікті Қоғамдық кеңеске жүктеуге жол берілмейді және Министрліктің атында қалады.

2. Қоғамдық кеңестің мақсаты, міндеттері, принциптері мен өкілеттіктері

7. Қоғамдық кеңестің мақсаты болып, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысты қоғамдық маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру болып табылады.

8. Қоғамдық кеңестің міндеттері:

1) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру;

2) Министрліктің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту;

3) Министрлік қызметіне қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

9. Қоғамдық кеңес өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:

1) қоғамдық негіздегі қызмет;

2) автономдық;

3) дербестік;

4) жариялылық;

5) олардың мүшелерін кезең-кезеңмен ротациялау.

10. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктеріне мыналар:

1) Министрліктің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарының жобасын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау;

2) Министрліктің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын талқылау;

3) Министрліктің нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау;

4)  Министрліктің бюджеттік бағдарламаларының іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау;

5) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу;

6) қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды Министрлікке енгізу;

8) қоғамдық бақылауды осы Заңда көзделген өзге де нысандарда жүзеге асыру;

9) қоғамдық кеңес туралы ереженің жобасын оның бірінші отырысында талқылау және бекіту үшін Министрлікке енгізу;

10) қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.

3. Қоғамдық кеңестің және оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

11. Қоғамдық кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен Министрлікке кіруге;

2) Министрдің келісімімен Министрліктің басқа жұмыс органдарының жұмысына қатысуға;

3) осы Заңда белгіленген өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүгінуге құқығы бар.

12. Өз қызметінде Қоғамдық кеңес және оның мүшелері:

1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;

2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;

3) жылына екі реттен сиретпей бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы халыққа Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпарат беруге;

4) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) Министрліктің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

4. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру

13. Қоғамдық кеңестің өкілеттіктерінің мерзімі үш жылды құрайды.

14. Отырыс Қоғамдық кеңесінің жоғары органы болып табылады.

15. Қоғамдық кеңесінің қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңесінің төралқасы сайланады.

Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, Министрлік басшысы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді.

16. Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.

17. Қоғамдық кеңестің төралқасы:

1 Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;

2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;

3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.

18. Қоғамдық кеңес төрағасының өкілеттіліктері:

1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;

2) отырыстарда төрағалық етеді;

3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;

4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5) Министрліктің отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;

6) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін орындауды Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне жүктейді.

19. Қоғамдық кеңестің хатшысы:

1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;

2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдеріне бақылау жасайды.

20. Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ретінде Министр ашады. Осы отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, хатшысы және төралқасының бүкіл құрамы сайланады. Қоғамдық кеңестің мүшелері – мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін белгілі қоғам қайраткерлері арасынан оның төрағасы сайланады.

21. Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқықты деп есептеледі.

Қажет болған жағдайларда Қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін.

22. Қоғамдық кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ бір жылда кемінде  екі рет өткізіледі.

23. Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттігі басқа тұлғаға берілмейді.

24. Қоғамдық кеңесінің отырыстары ашық болып табылады.

Қоғамдық кеңестің шешімдері отырысқа қатысқан Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар  саны тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

25. Қоғамдық кеңестің шешімдері хаттамамен ресімделеді.

Хаттамаға қол Қоғамдық кеңес төрағасымен және хатшысымен қойылады.

26. Қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асыру кезінде басқа мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерімен теңдік және әріптестік шарттарында өзара іс-қимыл жасайды.

27. Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру - техникалық қамтамасыз етуді Әкімшілік департамент жасайды.

28. Қоғамдық кеңес халықты:

1) азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзінің іс-қимыл жасау нәтижелері;

2) Қоғамдық кеңестің құрамы, оның мүшелерін ротациялау;

3) отырыстардың күн тәртібі;

4) қабылданған шешімдер;

5) қоғамдық маңызы бар басқа да мәселелер туралы хабардар етеді.

29. Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және (немесе) Министрліктің интернет-ресурсында орналастырылады.

30. Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату негіздері:

1) өз қалауы бойынша жазбаша түрде өтініш беру;

2) Қоғамдық кеңес құрамынан, оның мүшесінің денсаулық жағдайына байланысты жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған, немесе заңнамамен көзделген басқа жағдайларда, мерзімінен бұрын шығару жөніндегі шешім;

31. Қоғамдық кеңестің шығып қалған мүшесінің орнына заңнамаға сәйкес оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне конкурс нәтижелері бойынша немесе Министрдің шешімімен оның  құрамына жаңа мүшесін қосу туралы шешім қабылданады.

________________________________

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы